You are viewing tomiris_555

kazakh, kazak, tomiris
Таяммүм

Таяммүм сөзі:
• Тіл саласында: таза жер жынысын қолдану арқылы тазару;
• Шариғат саласында: тазару ниетінде таза жер жынысымен бет пен екі қолды шынтаққа дейін сипау деген ұғымды білдіреді.
Су болмаған жағдайда таяммүм дәрет және ғұсыл орнына жүреді. Өйткені, Алла Тағала Ниса сүресінің қырық үшінші аятында:
«Егер ауру немесе сапарда болсаңдар немесе сендерден біреу түзге шығып келсе яки әйелдерге жақындасып су таба алмасаңдар, таза жер жынысына беттеріңді және қолдарыңды сипаңдар ( таяммүм арқылы тазаланыңдар)», деп әмір еткен.
Таяммүмнің парызы төртеу:
1. Таяммүмға ниет ету;
2. Таза жер жынысын таңдау;
3. Екі алақанды топыраққа ұрып, бетті сипау;
4. Екі қолды жерге ұрып, екі қолды шынтаққа дейін сипау.


Таяммүм рұқсат етілетін жағдайлар
Төмендегідей жағдайларда дәрет, ғұсыл орнына таяммүм жасауға рұқсат етіледі:
1. Төрт мың қадамнан жақын жерде ( екі шақырым) су болмаса;
2. Су қолданса науқастанып қалудан немесе науқастың асқынып кетуінен қорықса;
3. Су бар жерде қауіп қатер болса;
4. Бар болған суды қолданғанда өзі немесе малдарымен көлігі сусыз қалу қауіпі болса;
5. Құдық, өзенінен су алу мүмкіндігі болмаса;
6. Дәрет алғанша жаназа немесе айт намазы оқылып кететін болса.


Таяммүмнің шарттары
1. Не үшін таяммүм қылатынын нақты білу;
2. Таза топырақ, құм, тозаң, тас сияқты жер жынысы болу;
3. Бет пен қолда май, балауыз сияқты нәрселердің болмауы;
4. Бетті, қолды толық сипау;
5. Тұтас алақанмен немесе көбірек бөлігімен сипау;
6. Қол жерге екі рет ұрылу: бір мәрте бетті, екінші рет екі қолды сипау үшін.


Таяммүмнің сүннәттері
1. «Бисмиллаһ» деп бастау;
2. Тәртібімен орындау. Яғни, алдымен бетті, кейін оң, сосын сол қолын сипау;
3. Жерге алақандарды ұрғанда саусақтардың арасы ашық болу;
4. Ірі тас, топырақ түссін деп алақанды бір біріне ұру.


Таяммүмді орындау жолы
Алдымен ниет етіліп «Бисмиллаһ» делінеді. Кейін саусақтардың арасы ашылып, екі алақан таза жерге ұрылады. Осыдан кейін екі алақанмен беттің дәретте жуылуы парыз болған жері толық сипаланады. Қас, мұрт сипалағанда алақан теріге тиюі шарт.
Осыдан кейін қол қайта ұрылып алдымен оң, кейін сол қол шынтағымен қоса сипаланады.


Таяммүмді бұзатын нәрселер
1. Дәретті бұзатын нәрселер;
2. Дәрет аларлықтай су табылса;
3. Суды қолдану мүмкіндігі туса. Мысалы, науқасынан айығып кетсе.



Таяммүмға қатысты қосымша мағлұмат

Таяммүм алушы кісі оның ниетін нақтылап алуы шарт. Себебі, су болмаған жағдайда намаз оқу, тіләуат сәждесін орындау немесе Құранды ұстау үшін алынған таяммүмнің, әрқайсының өз дәрежесі бар. Сол себептен, нақты ниетсіз, қалай болса солай алынған таяммүм дұрыс болмайды.
Таяммүмда намаз оқу үшін ниет ету парыз. Намаз алдында ғұсыл және дәрет алу талабы болған жағдайда, ғұсыл мен дәретке, яғни, екеуіне бір ниет жеткілікті болады. Бұл жағдайда: «Алланың разылығы үшін, нәжістен тазарып намаз оқу үшін таяммүм қылуды ниет еттім», деп таяммүм алған кісі ғұсыл мен дәретті орындаған болады. Мәселен, жунуб болған кісіге жунуб болғаны мен дәретсіздігінің арасын бөлу шарт емес. Оның жоғарыда көрсетілгендей бір ниетпен алған таяммүмы намазға жарайды.
Жаназа намазы немесе тіләуат сәждесін орындау үшін алынған таяммүм парыз намаздарын оқуға жарайды, парыз және нәфіл намаз үшін алған таяммүмнің айырмашылығы жоқ.
Парыз намазын оқу ниетімен алынған таяммүм мен парыз, уәжіп немесе нәфіл, яғни, намаздың қандай түрі болсын оқыла береді. Уақытында да шектеу жоқ. Мысалы, бесін намазы үшін. Алынған таяммүм аср намазына жарайды. Тек арада таяммүмді бұзатын жағдай болмауы шарт.
Намаз үшін немесе тіләуат сәждесі үшін алынған таяммүммен Құран ұстауға болады. Бірақ Құран ұстаау үшін алынған таяммүм намазға жарамайды, тіләуат сәждесі үшін жасалған таяммүммен намаз оқуға болады.

Фразеологизм сөздігі

kazakh, kazak, tomiris
1. Абызсынып отыр: Сәуегейсіп, әулиесіп, білгіш, билік айтқыш кісі сияқтанып отыр. Абызсынып отырғанын көрдің бе? (АТ).
2. Ағаштан бал, шөптен сүт ағылды: көл көсір молшылық болды.
3. Ағаштан түйін түйді: аса шебер, барынша өнерлі, он саусағынан өнер тамған.
Он қолдан өнер төгілді,
Балқытып соқты темірді.
Түйін түйіп ағаштан,
Өрнектеді өрімді (С.М.).
4. Ажал түртті: өлімге бастады, қатерге беттеді. Ажал түртіп жүр ме, өзінің дені сау адам емес, босатпаңдар деп, ұстап жібермей ақ қойғаны (ҚЕ.)
5. Ай айдың оты басқа: Әр кезеңнің өзіне тән сипаты болады. (Белгілі бір кезеңнің шөбі басқаша деген халықтық астрономиялық ұғымнан шыққан). Ай айдың отыбасқа, қара сиырдың сүті басқа (АТ).

Қиқоңыз

kazakh, kazak, tomiris
Жер бетіндегі жүз мыңдаған тіршілік иелері таңғажайып ЭКОЖҮЙЕ ішінде жаратылған. Олардың тіршілігіне қажетті энергия азық түрінде әрі өте нәзік тепе теңдікте беріліп отырады. Барлық тіршілік иелері азықпен қоректеніп, артық қалдықтарын сыртқа шығарып отыратындықтан, біршама уақыттан кейін ақ жер беті иістенген қоқысқа толып кетуі керек еді. Алайда бұндай ластануға жол берілмес үшін экологиялық алдын алу шаралары жүзеге асырылған. Сондай экожүйедегі тазалаудың бір көрінісі «бір тіршілік иесінен шыққан қалдықтың екінші бір жәндікке азық болуы». Мұндай мінсіз жүйе тек адамдардың қолымен бұзылуы мүмкін. Осыдан белең алған қандай да бір келеңсіздік экологиялық тепе теңдікке кері әсер етпей қоймайды.
Экожүйедегі тепе теңдікті сақтайтын ұсақ жәндіктердің бірі қиқоңыз. Көп мөлшердегі шығынмен бүгінгі технологияның жүзеге асыра алатын экологиялық қызметін, қиқоңыздар ақысыз түрде іске асырады. Осы кішкентай жәндіктер ірі шөпқоректі хайуандардың қиларын тазарту арқылы топырақты азоттық тыңайтқышпен байыта түсуде. Сонымен қатар, олар өздерін де, ұрпақтарын да азықпен қамтамасыз етіп әрі жұмыртқаларын қауіп қатерден сақтайтын орта әзірлейді.
Бұл жәндіктің ұрғашысы сүтқоректі хайуанның тезегін артқы аяқтарымен дөңгелете итеру арқылы (тандырдан шыққан күлшедей) жұп жұмыр домалақ пішінге енгізеді. Өз ішінде тоқсан түрлі болып келетін қиқоңыз жұмыртқаларын осы домалақ пішіндегі қидың ең бір қолайлы жеріне орналастырады.
Олардың осындай метаболикалық шараларын суды жақсы сіңіретін әрі азотқа бай, қарашірік топырақ пайда болады. Бұл табиғи түрде жер қыртысының артуына бірден бір септігін тигізеді. Ал саналы адамдар ше?

«Адамдардың қолымен жасағаны әрі істеген тірліктері кесірінен құрлық пен теңізде бүлік пайда болды» (Рум сүресі, 30-41 аят)

Бұның нақты мысалы мынадай.
Екі үш ғасыр бұрын эмигранттар Австралияға тұңғыш рет кемеге тиеп сиырлар әкелгенді. Аз уақытта ақ сиырлардың тезегі бүкіл жайылымдарды былғап, мал шөп жей алмайтын күйге ұшырады. Бұл аз болғандай кең алқап тезектен көрінбегендіктен, шыбын шіркей атаулының қыз қыз қайнаған нағыз отанына айналды. Осыдан барып экологиялық әрі экономикалық проблема туып, жыл сайын екі миллион гектар жер құнарсызданып, жасыл өлке жұтаң тарта бастаған болатын. Бұл тығырықтан шығар жол іздеген экологтар Австралияға Африкадан қиқоңыздар әкелтуді ұйғарды. Бір пілдің тезегін небәрі жеті ақ сағат ішінде сыпырып жоқ қылатын қиқоңыздарға сиыр тезегі бұйым құрлы болмады. Осылайша аз ғана уақыт ішінде Австралияда экологиялық тепе теңдік қайта қалпына келді.
Тағы бір қызық мысал, елу жылдары Қытайдың бір экономист ғалымы сұр торғайларды қыру арқылы пәлен миллион тонна артық егін жинаймыз деп «жаңалық» ашады. Тұрғын халықты бір кісідей қолда бар затты қаңғырлата торғай біткенді үркітіп барынша қондыртпауға, аспанда қанатын талдыруға жұмылдырады. Қанаты талып құлаған торғайларды жаппай қырып салады. Нәтижеде күзде сол өлке түйір астықсыз аш қалыпты. Сөйтсе, егінді құрт құмырсқа тып типыл ғып кетсе керек. Ақыры, қытайлар көрші елдерден торғай сатыр алуға мәжбүр болған екен.
Егер жер бетіндегі миллиондаған шөпқоректі хайуандардың тезегін құртатын жәндіктер болмағанда, белшемізден қиға батып қалар едік. Тек қиқоңыздар ғана емес басқа да қоңыз, құстардың неше мыңдаған түрлері қалдық біткенді босқа тастамай пайдаға асыратындығы ғаламдағы осынау алып экожүйенің бір де бір ақаусыз керемет жаратылғандығын паш етпей ме?!
Олай болса, экологтарға экожүйенің алып кітабын мұқият зерделеген жөн. Сонда ғана олар адаспай ақыл табады.



Бердібек Мәсенов
Аңсар журналы №5

Балалар әлемі

kazakh, kazak, tomiris
Тышқан мен жылан


Бір тышқан тамақ аулап, ініне қайтып келсе, онда бір жылан жатыр екен. Тышқан мұнан жаман қорқып, қуып шығаруға батпай, ақыл сұрай, өзінің қайғысын айтқалы көршілеріне барады. Ақылды тышқандар жиылысып отырып, кеңесін айтыпты:
Сен ол інді тастап, өзге ін қазып ал. Жылан сенің ініңді тарытп алғаны әділдік емес, бірақ оған қылар еш айла жоқ. Оған тиіп не қыласың? Мазасын ала берсең, өзіңді жеп қояды, оған ештеңе қыла алмайсың.
Тышқан бейшара қайғырса да, үндемей қойыпты. Бірақ қалай кегін алуды ойлайды.
Бір күні сейілдеп келе жатса, інінің аузында жыланның күн шуақта жылынып жатқанын көріпті. Жанында бір кісі ұйықтап жатыр екен. Тышқан барып оның мұрнын тістеп алып, жыланға қарай тұра қашыпты. Кісі оянып, тұра қуады. Қараса, алдында жатқан жыланды көреді. Тышқаннан мұның зияны көбірек болған соң, кісі жыланды өлтіруге алданып қалыпты да, тышқанды қоя беріпті.
Сөйтіп, кегі қайтқан тышқан өз ініне келіп тұрыпты

Жұмбақтар жинағынан

kazakh, kazak, tomiris
Үлкен ой
Үлкен ойдың ішінде,
Кіші ой,
Кіші ойдың ішінде,
Балуан би
(үлкен ой ерін, кіші ой тіс, би тіл)


Кішкене ғана тостаған,
Жер дүниені бастаған.
(көз)

Ерте тұрдым,
Екі айыр жолға түстім.
(шалбар)


Ашамайды арта салдым,
Айыл жібін тарта салдым.
(тымақ)


Ерте тұрдым,
Алып ұрдым
(Етік)


Мақалдар жинағынан

kazakh, kazak, tomiris
Пайдасы бар жігіттер
Дария, шалқар көлмен тең.
Пайдасы жоқ жігіттер
Ел қонбайтын шөлмен тең.


Ай толғанын білмес,
Жігіт толғанын білмес.

Әдепті жігіт қылықты қыз.


Жігіт жанған шоқ болсын,
Шоқ болмаса, жоқ болсын.


Басына бақ қонатын жігіттің
Ұлы епті, қызы көрікті болады.



kazakh, kazak, tomiris
Ауыз тию

Ауыз тию (дәстүр, ырым). «-Қымыз әкел, ас ауыз тигіз мыналарға!» (М.Әуезов). Алыс сапарға, емделуге шыққан адам ауылдың үлкен үйінен дәм татып аттанатын ырым бар. Бұл сол «Қара шаңырақтың киесі қолдасын» деген сенімнен шыққан. Сондай-ақ дастархан үстіне келген адам дәмнен ауыз тиюге тиіс. Ал таңертеңгі астан міндетті түрде ауыз тиеді. Мұндайда әйел болса «күйеуің тастап кетеді», еркек болса «әйелің тастап кетеді» деп әзіл айтады. «Таңертеңгі асты тастама, кешкі асты бақпа» деген мәтел бар.
Қазақтың дәстүрі бойынша үйіне келген адамға дәм ауыз тигізбей шығармауы керек. Халықта «үйге кірген жыланға да ақ құйып шығарады» деген сөз бар. Мұның бәрі қонаққа да, асқа да ерекше ықыласты көзқарастың белгісі.



Аяғына жығылу

Аяғына жығылу (дәстүр). Мұның да екі түрі бар.
1. Кейде бірін-бірі ұнатқан жігіт пен қыз ата-ананың келісімне қарамастан (әсіресе қазіргі кезде) бас қосады. Мұндайда қызды «қашып кетті» дейді. Қыздың әке-шешесі ренжіп, кейде қатты ашуға басады, көрместей болады. Осы кезде жігіт жағынан жігіт әкесі бас болып «елшілер» келіп, құдаларының «аяғына жығылады», яғни кешірім өтінеді, бітім сұрайды. Оның аяғы татулыққа ұласады.
2. Аяғына жығылудың басқа ұғымды білдіретін екінші түрі де бар. «Аяғына жығыл деймісің?» (М.Әуезов). Кешірім сұраудың ең үлкен және кішіреюдің ең ауыр түрі аяғына жығылу болып табылады. Мұнда айыпты адам жанына беделді адамдарды ертіп, тиісті үйіне барып кешірім сұрайды. Егер іс қиындап кетсе, айыпкер қарсы адамның алдына жығылып, аяғын құшып, жылап кешірім сұрауы керек. «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш» дегендей мұндай да кешірім етіледі. «Аяғына жығылу» да жазамен бірдей болып есептеледі.



Байлау

Байлау (салт). «Бері кел, байлан мынаны!» (Ғ.Мүсірепов). Қазақтың мәрттік, мырзалық, азаматтық қасиетін білдіретін салттарының бірі – байлау. Соғып алған аңды кездескен кісіге сыйлау, олжаны, тауып алған дүниені (затты) жанындағы адамға ұсыну ежелден қалыптасқан ұлттық әдет. Бұл салтты бұзу адамгершілік әдебінен аттау ретінде жазаға тартылады, сөгіс жарияланады немесе ел алдында бетке басылады.
Дегенмен мұндай жағдайда аңшы адамның алғашқы олжасы болса, ол «байлануға» жатпайды, керісінше оған «құтты болсын» айтады.


Бал басы

Бал басы (ғұрып). Бұрын ел ішінде болашақты, адам өмірін болжайтын көріпкелдер, әулие-әмбие, балшы, емші, құмалақшылар, жауырыншылар көп болған. Әр адам оалрға келіп бал аштырады. Олар жоғалған малды, затты, алыстан келетін жолаушыларды, реніш-қуаныштарды болжап айтатын болған және олардың көпшілігі шындыққа айналған. Бал аштырушы кітап ашып, құмалақ салушыларға өтінішпен келгендер көріпкелдерге еңбегі үшін төлем беруі қажет. Оны сыпайылап «бал басы» деп атайды. «Бал басының» нақты бағасы, немесе өлшемі болмайды. Әркім қолда барын береді. Кедей, нашар адамдарға көріпкелдер «құдай үшін», яғни тегін бал аша берген. Бұл үшін олар батаға да риза болған. Кейбір адамдар тіпті ештеңе де алмаған.
Егер бал ашушы белгілі мөлшерде ақша, мал сұраса, халық ондай кісілерге бармаған, құрмет көрсетпеген және сенбеген.



Бармағын жалау

Бармағын жалау (ғұрып). «Ықыласыңызға қарай келдік, бармағыңызды жалай келдік». (Мірдің оғы). Құрметті адамды біреу қонаққа шақырғанда оның жанына 1-2 жігіт шақырылмаса да ере барып, үй иесіне «Біз пәленшекеңнің бармағын жалауға келдік» - дейді. Мұның қазақ ғұрпында еш ерсілігі жоқ, керісінше шақырылған қонақтың құрметін көтере түсу болады. Мұндайда келген жігіттерге үй иесі де риза болып қалады. Кейде үй иесі өзінен кіші адамдарға «біздің үйге пәленше келеді, сендер соның бармағын жалаңдар» дейді. Бұл арнаулы шақыру болса да өзінен кішілермен сыйласудың, құрметтеудің белгісі. Ұлт дәстүрінде адаммен сыйласудың, қатынастың мұндай жолдары көп.

kazakh, kazak, tomiris

ҒЫЛЫМИ ЕҢБЕК


ПЕДАГОГИКА

Тарту
Қазақтың қаны бір, жаны бір жолбасшысы —мұғалім.
Еліміздің аз ғана жылдық ояну дәуірге баға беру үшін алты алаштың баласы басқосса, қайырлы орын —мұғалімдерге.
Бірге оқысқан, бірге оқытысқан, жылдарымыз бір, жолымыз бір қазақ мұгалімдері.
Қолыңнан келген осы еңбекті сендерге тарту қылам.
Ниеттің тазалығы үшін тартуымды қабыл көріп алыңыздар.

Мағжан Жұмабаев


СӨ3 АЛДЫ

Бұл кітап 2-3 жыл бұрын қысқа уақыттық мұғалімдер курсында оқылған дәрістерден түзілген еді. Бұл күнге шейін басылып шығып жарық көре алмады. Бұл айып менікі емес, бүлінген замандікі.
Кітапты бір орыс кітабынан тура тәржіма деуге болмайды. Алдыма бір кітапты жайып қойып, бұрылмастан желе бергенім жоқ. Тәрбие ғалымдарының пікірлерін таңдап алуға ұмтылдым. Шамам келгенше қазақ қанына қабыстыруға тырыстым. (Көп пайдаланылған Рубин¬штейн, Скворцов, Смирновтардың педагогика туралы еңбектері.
Бізде бұрын жасалған пән тілі болмағандықтан, түрлі терминдерге тап басқандай қазақша сөз табу көп күшке тиді. Қалайда курстарда оқыған мұғалімдердің жәрдемімен таза орыс сөздері қазақшаға айналдырылды. Ал енді жиһан тілі болып кеткен шет сөздерді қазақшаға аударам деп азаптануды тиісті таппадым.
Мен педагогика майданында бәйгі алып жүрген жүйрік емеспін. Кітаптың құрылысында, тілінде, түрлі ат қоюда, хатта, кітаптың жалпы негізінде көп кемшіліктер болуға мүмкін.
Мұғалімдер тексеріп оқып, қате жерлерін керсетсе, сансыз рақмет айтар едім.
Мағжан Жұмабаев, 1922жыл, 15 сентябрь, Қызылжар.





ЖАЛПЫ ПЕДАГОГИКА

Жетекші сөз

Тәрбие деген не?


Тәрбие, кең мағынасымен алғанда, қандай да болса бір жан иесіне тиісті азық беріп, сол жан иесінің дұрыс есуіне көмек көрсету деген сөз. Ал енді, адамзат туралы айтылғанда, адамның баласын кәміл жасқа толып, өзіне-өзі қожа болғанша тиісті азық беріп, өсіру деген мағынада жүргізіледі.
(Адамзат дене һәм жан аталған екі бөлімнен тұрғандықтан, бұл екі бөлімнің соңғысы, яғни жан, адамзат үшін аса қадірлі болғандықтан, дұрысын айтқанда, адамға шын мағынасымен «адам» деген атты осы жан ғана беретіндіктен, адам баласын тәрбие қылу дегенде, әрине, адам баласының әсіресе жанын тәрбие қылу керек деп ұғу керек).
Жер жүзіндегі басқа жан иелерімен салыстырғанда, адам баласы туғанда өте әлсіз, зағып, осал болып туады. Малдың төлі туа сала аяқтанады. Тауыктын балапаны жұмыртқадан жарылысымен жүгіріп кетеді. Ал адам баласы — туғанда іңгәлаған айғайы мол бір кесек ет. Ақылы, есі жок. Денесі тым әлсіз. Өсуі, ұлғаюы тым сараң, тым шабан. Мінеки, адам баласы осылай өте әлсіз боп туып, аса сараң өсетіндігінен, оның денесіне, жанына азық беріп, өсуіне көмек көрсетпей, яғни оны тәрбие қылмай болмайды.


Тәрбие бөлімдері

Тәрбие төрт түрлі дене тәрбиесі, ақыл тәрбиесі, сұлулық тәрбиесі һәм құлық тәрбиесі. Егерде адам баласына осы төрт тәрбие тегіс берілсе, оның тәрбиесі түгел болғаны. Егерде ол жөпшенді ыстық, суық, аштық жалаңаштық сықылды тұрмыста жиі ұшырайтын көріністерді елемейтін мықты, берік денелі болса, түзу ойлайтын, дұрыс шешетін, дәл табатын дұрыс ақылды болса, сұлу сөз, сиқырлы үн, әдемі түрден ләззат алып,
жаны толқынданарлық болса, жамандықтан жаны жиреніп, жақсылықты жаны тілеп тұратын құлықты болса, міне, осындай болғанда адам баласының дұрыс тәрбие алып, шын адам болғандығы. Балам адам болсын деген ата-ана осы төрт тәрбиені дұрыс орындасын. Бала аурулы, зағып болса, баладан емес, тәрбиешіден. Бала тар ойлы, ақымақ болса, бала кінәлі емес, тәрбиеші кінәлі. Бала сұлулықтан ләззат ала білмейтін мақау жанды болса, бала айыпты емес, тәрбиеші жазалы. «Бала істеген жауыздықтың жазасын тәрбиеші көтерсін» деген Иран елінің мәтелі — шын дұрыс мәтел.


Тәрбиеден мақсұт

Тәрбиеден мақсұт — адамды һәм сол адамның ұлтын, асса барлық адамзат дүниесін бақытты қылу. Ұлт мүшесі әрбір адам бақытты болса, ұлт бақытты, адамзат дүниесінің мүшесі әрбір ұлт бақытты болса, адамзат дүниесі бақытты. Қысқасын айтқанда, тәрбиеден мақсұт — адам деген атты құр жала қылып жапсырмай, шын мағынасымен адам қылып шығару.


Педагогика қандай пән?

Біз жоғарыда адам баласының тәрбиеге мұқтаж екендігін, оған қандай тәрбие беру керектігін һәм ол тәрбиенің не үшін беру керек екендігін айттық. Жә, тәрбие керек. Бірақ балаға дұрыс тәрбиенің әрбір тәрбиеші (ата-ана, мұғалім) тәрбие жолын ешкімнен үйренбей-ақ, ешнәрсені оқып-білмей-ақ өз бетімен бере ала ма? Әркім өзі-ақ жол тауып кеткендей бала тәрбиесі соншама бір жеңіл нәрсе ме? Жоқ, бұлай емес. Бала тәрбиесі бір өнер, өнер болғанда ауыр өнер, жеке бір ғылым иесі болуды тілейтін өнер. Баланы дұрыс тәрбие қылу үшін әркімнің өз тәжірибесі жетпейді. Басқа адамдардың тәжірибесімен танысу керек. Сол басқа адамдардың майданындағы тәжірибелерін көрсеткен жеке бір пәнмен, яғни тәрбие пәнімен таныс болу керек. Тәрбие пәні педагогика деп аталады.
Педагогика грек елінің сөзі. Пед — бала, агоги — жетектеу деген екі сөзден құралған. Баяғы Грецияда балаларды бағып, мектепке алып келіп жүретін кәрі құлдар педагог деп аталған. Педагог деген аттың бұрын мақтаулы болмағандығы осыдан көрінеді. Бірақ соңғы заманда пән, ғылым өсіп, адамзат өнерленген сайын педагог деген ат қадірлі, қасиетті болып барады.


Педагогикамен жақсы таныс болудың керектігі

Бала тәрбие қылғанда әрбір тәрбиенің алдымен қолданатын жолы - өз тәжірибесі. Яғни бала күнде өзі қандай тәрбие алған һәм баланы бұрын өзі қалай тәрбие қылған. Міне, осы жолмен жүреді. Әрине, бұл жолды тіпті қисық жол деуге болмайды. Қисық болу былай тұрсын, тәрбие туралы әрбір тәрбиешінің өз тәрбиесі аса қымбат нәрсе. Адамның өз тәжірибесі - жүріп кеткен жолы. Ол жолдың жақсы-жаман жағы көз алдында сайрап тұр. Естігеннен көрген анық. Көргеннен бастан кешкен анық. Бірақ бұл әркімнің өз тәжірибесі қанша қымбат болғанмен, катесіз жол деуге болмайды. Бір адамның тәжірибесі — тым тар, тым бірбеткей тәжірибе. Тәрбиешінің өзіне қолайлы болған жол тәрбие қылатын балаға қолайлы болмасқа мүмкін. Тәрбиеден мақсұт — баланы тәрбиешінің дәл өзіндей қылып шығару емес. Келешек өз заманына лайық қылып шығару ғой. «Балаңды өзімдей бол деп үйретпе, өзімдей болма деп үйрет!» деген Әзірет Әлидің сөзінде көп шындық бар. Бұл — 6ір.
Екінші, әрбір тәрбиешінің қолданатын жолы — ұлт тәрбиесі. Әрбір ұлттың бала тәрбие қылуы туралы ескіден қалып келе жатқан жеке-жеке жолы бар. Ұлт тәрбиесі баяғыдан бері сыналып, көп буын қолданып келе жатқан тақтай жол болғандықтан, әрбір тәрбиеші, сөз жоқ, ұлт тәрбиесімен таныс болуға тиісті. Және әрбір ұлттың баласы өз ұлтының арасында, өз ұлты үшін қызмет қылатын болғандықтан, тәрбиеші баланы сол ұлт тәрбисімен тәрбие қылуға міндетті. Бірақ ұлт тәрбиесін, ұлттың, тәрбие жолында ұстаған жолын түгелімен дұрыс деуге болмайды. Ұлт тәрбиесінің жақсылық жағы көп болған сықылды, жамандық жағы да көп. Талай нашар, зиянды әдеттер әрбір ұлт тәрбиесі ішінде толып жатыр. Баяғыдан бергі ұлт тәрбиесінің ішінде ұнамсыз, зиянды әдет, жол-жоралар толып жатқан ұлттың біреуі — біздің қазақ. Қысқасы, ұлт тәрбиесі қанша қадірлі, керек жол болғанмен, адастырмайтын дұрыс жол деуге бола бермейді.
Жоғарыда айтқаннан көрінеді, балаға шын дұрыс тәрбие беру үшін тәрбиешінің өз тәжірибесі һәм ұлт тәрбиесімен таныс болуы жетпейді екен. Бұлар бірбеткей шикі тәжірибелер. Бұлар — сыннан өткізіліп, пісірілмеген күйде берік негіз бола алмайды.
Бұлардың арасынан жақсы-жаманын, алтын мен мысын тізіп ала білу үшін тәрбие майданында шынығып ысылған тарландардың тәжірибелерімен, түрлі ұлттан түрлі заманда шыққан тәрбие ғалымдарының ойларымен, қысқасы, тәрбие туралы дұрыс жолға түсіретін шын тәрбие дәнімен, яғни педагогикамен жақсы таныс болу керек.


Педагогикаға жәрдемші пәндер

Педагогика адамның денесін һәм жанын дұрыс тәрбие қылу жолдарын ізденетін пән болғандықтан, педагогика пәнімен дұрыс пайдалана білу үшін, екінші түрлі айтқанда, адамды дұрыс тәрбие қыла білу үшін адамның денесі һәм жанының жайын кеңес қылатын басқа пәндермен таныс болуға тиісті. Бұл пәндер төмендегілер.

Дене туралы пәндер:

Анатомия. Адам денесінің құрылысын баяндайды. (Денеде қандай мүше бар, жаралысы қандай?)
Физиология. Адам денесінде болатын көріністерді баяндайды (тұру, жүру, демалу сықылды).
Гигиена. Саулықты сақтау пәні.
Гимнастика. Саулықты бекіту үшін түрлі дене қозғалысы туралы пән.


Жан туралы пәндер:

Психология. Адамның жанының жайын, жан тұрмысын, жан көріністерін, жан күштерін, ақыл-ойдың жайын баяндайтын пән.
Логика. Дұрыс ойлау жолдарын көрсететін пән.
Этика. Құлық туралы пән. Яғни адамшылық не? Осыны баяндайды.



Педагогикаға тағы бір керекті пән

Педагогика тарихы. Түрлі заманда түрлі тәрбиеге адамзат қалай қараған, қандай жолдармен жүрген, тәрбие дүниесінде қандай білімпаздар өткен, олар қандай жаңа жолдар тапқан? Міне, педагогика тарихы— осыларды баяндайды.

kazakh, kazak, tomiris
ХАН МЕН ҰЛЫ 

 

...Қырымда Мусәлайма Асбап деген хан болған. Ол ханның Толайық Әлхалла деген ұлы болған...
Әр-бутыс ағашының қызыл күрең бойына арқасын сүйеп отырып соқыр татар тіленшісі мынау сөздермен ескі әңгімелері көп жарты аралдың ертегілерінің біреуін бастады. Оның айналасында заман қиратқан хан сарайының сынық тастары үстінде қызыл ала шапан, алтынмен кестеленген төбетей киген бірталай татар отырды. Кеш мезгіл еді. Күн ақырын ғана теңізге құлап бара жатты. Оның қызыл сәулелері қираған сарайдың маңайындағы жасыл шөптердің қара қабаттарынан өтіп, мүк жамылған жабысқақ жасыл бүлікке оралған тастардың үстіне алтын тап болып тұнып тұрды. Әу, кәрі шынар ағаштарының қолтығында жел зуылдап, шынардың жапырақтары сыбдырып тұрды. Әуелде көзге көрінбей сылдырап бұлақ ағып жатқан сықылды еді.
Соқыр тіленшінің даусы әлсіз еді. Дірілдеп тұрды. Оның тас сықылды бетінің әжімдерінде тыныштықтан басқа нәрсе білінбеді. Жатталып қалған сөздер оның аузынан бірінің артынан бірі құйылып тұрды һәм тыңдаушылардың көз алдында өткен күндердің күшті сезімге бай картиналары теріле берді.
Соқыр айтты:
— Хан қарт еді, бірақ оның һарамында әйел көп еді. Ол әйелдердің бәрі де қартты сүйетін еді. Себебі, оның әлі күші қайтқан жоқ еді, оты сөнген жоқ еді. Оның құшағы әлі әйелді күйдіруші еді. Әйелге ердің шашы ағарғаны, бетінің әжімденгені есеп емес, тек ер құшағында әйелді өртей білсе?! Кімнің құшағы отты болса, әйел соны сүймек. Сұлулық — терінің майдалылығында, беттің қызылдығында емес, сұлулық күште. Ханды бәрі сүюші еді. Бірақ хан Днепр даласында қолға түскен бір казак-орыс қызын ғана сүюші еді. Өзінің зор һарамындағы барлық әйелдің ішінен сол казак-орыс қызын артық еркелетуші еді. Һарам ішінде әйел көп еді. Онда түрлі жерден жиналған ханның үш жүз қатыны бар еді. Олардың бәрі де жазғытұрғы гүлдей сұлу еді. Бәрі ерке тұрмыс ішінде еді. Хан оларға ылғи тәтті тамақ пісіруші еді һәм оларға тілеген уақытта ойнауға, билеуге рұқсат беріп қойып еді...
Хан өзі казак-орыс қызын өзінің жанына — биік мұнараға шақырып алушы еді. Бұл мұнарадан теңіз көрінуші еді һәм онда казак-орыс қызы үшін әйелді еліктіретін нәрсенің бәрі бар еді: тәтті тамақ, үлде мен бүлде, алтын, түрлі түсті тамдар, музыка, алыс жерлердің қолға түспейтін құстары һәм ғашық ханның жалынды құшағы. Осы мұнарадан хан казак-орыс қызымен алданып, ауыр тұрмысынан тынығушы еді. Және ұлы Әлхалланың орыс даласында қасқырдай жортып, орыс елінің зәресін алып, ол елді өлімге, қанға, түтінге көміп тастап, ылғи кеп ойынмен, жаңа атақпен қайтатынын біліп, өзінің мемлекеті, хандығы үшін уайымы жоқ еді.
Күндерде бір күн Әлхалла орыс елін шауып қайтып, оның құрметіне үлкен той жасалды. Бұл тойға Қырымның бектерінің, бәрі жиналып, ойын-сауықтың егі-шегі болмады. Мырзалар қолдың күшін сынау үшін, тұтқындардың көздерін көздеп, жақмылтықтан атысты. Арақ-шарап ішіп, хандықтың діңгегі, жаудың албастысы Элхалланың ерлігін мақтасты. Ұлының атағына қарт хан да қуанышты еді. Қарт хан ұлының мынадай ер болғанын көріп һәм өзі үлкен сол хандықтың мынадай күшті қолға көшетінін ойлап, қуанышты еді. Қуанышы тасып, ұлына өзінің қанша жақын көргендігін көрсету үшін, сол тойда бектер, мырзалар алдында шарап құйылған кесе ұстап отырып, хан ұлына айтты:
— Менің мейірімді ұлым Әлхалла! Бар мақтау Тәңірге болсын һәм оның пайғамбарының аты ауыздан түспегей еді!
Отырған адамдардың бәрі күшті дауыспен күңірентіп пайғамбарға салауат айтысты. Сонан соң хан айтты:
— Тәңірі қадір ғой... Тірі күнімде менің жастығымды, ер ұлымды тірілтті. Мен нұры кеткен көзіммен көріп отырмын. Күндерде бір күн менің көзімнен күн жасырынар. Жүрегімді құрт жайлар. Бірақ мен мынау ер ұлымдай тірі болармын. Тәңірі зор, Мұхаммед — оның шын пайғамбары! Менің жақсы ұлым бар, оның күшті қолы, батыр жүрегі, ашық ақылы бар. Атаның қолынан не алғың келеді, Әлхалла? Айт, не тілесең, соны беремін...
Қарт ханның сөзі бітер-бітпесте-ақ, қараңғы түнгі теңіздей қара көздері жарқ етіп, тау бүркітінің көзіндей көздері от болып жанып Толайық Әлхалла түрегелді:
— Маған орыстың тұтқын қызын бер, алдияр ата!
Хан бірталай үндемей қалды. Жүрегінің ойнағаны, тулағаны басылғанша үндемей отырды да, берік күшті дауыспен:
— Ал! Мынау той өтсін. Сонан соң аласың,—деді.
Ер Әлхалла қып-қызыл болып кетті. Оның бүркіт көздері мынау зор қуаныштан жанып кетті. Тік тұра келіп, атасы ханға айтты:
— Беретініңді білем, алдияр атам! Білем мұны... Мен сенің ұлыңмын. Мен сенің құлыңмын. Менің қанымды сағат сайын бір тамшыдан алып тұр. Мен сен үшін жиырма өліммен өлемін.
— Маған еш нәрсе керек емес!— деді хан һәм оның жауды көп шапқан, атақпен тажданған, бұл күнде ақ шаш жапқан басы кеудесіне иілді.
Тойды тез тарқатып, хан мен ұлы екеуі біріне бірі сөз қатпай сарайдан шығып, һарамға кетісті. Түн қараңғы еді. Көкті жапқан құрсау кілемдей бұлттар айды да, жұлдыздарды да көрсетпей тұрды.
Қараңғыда ата мен ұл ұзақ жүрді. Бір мезгілде хан асығып сөйлей:
— Менің өмірім күн сайын сөніп барады. Кәрі жүрегімнің соғуы баяулап келеді. Кеудемде от азайып келеді өмірімді жылытып, оған жарық-сәуле беріп тұрган казак-орыс қызының ыстық құшағы еді... айтшы маған, Толайық, айтшы ол саған сонша керек пе? Оның орнына жүз қатынымды ал. Жоқ, барлық қатынымды ал!..
Толайық Әлхалла үндемей, уһіледі.
— Менің қанша өмірім қалды? Менің енді өмірім аз қалды ғой... Сол орыстың қызы – менің өмірімнің ең соңғы қуанышы. Ол мені біледі. Ол мені сүйеді. Енді ол кеткен соң, мен шалды кім сүйеді? Кім? Ешкім де сүймейді, Элхалла, ешкім де...
Әлхалла үндемеді..
— Сенің оны құшақтағаныңды, оның, сені сүйгенін көріп отырып, мен дүниеде қалай тұрмақпын? Әйел алдында ата да жоқ, ұл да жоқ, Толайық ұлым-ау. Әйел бәрімізге де еркек деп қана қарайды ғой. Аз ғана қалған өмірім азап ішінде өтеді ғой... Денемдегі ескі жараларымның бәрінің аузы ашылып, қансырасамшы, мынау түнді көрмесемші, ұлым!
Ұлы үндемеді... Екеуі һарамның есігінің алдына тоқтап, үндеспей ұзак тұрысты. Айнала қап-қараңғы еді. Көкте бұлттар жарысып, жел ағаштарды шайқап, жырлап, зуылдап тұрды.
— Ата, мен оны көптен сүйем...- деді ақырын ғана Әлхалла.
— Білем, оның сені сүймейтін де білем...— деді хан.
— Мен оны ойласам, жүрегім ойнап кетеді..
— Енді менің солған жүрегімде не қалады?
Екеуі тағы сөзді қойысты. Әлхалла уһіледі.
— Иә, данышпан молла маған дұрысын айтқан екен. «Әйел ерге ылғи зиян келтіреді. Әйел сұлу болса, басқа ерлерді ғашық қылып, ерін күншілдік азабына салады. Көріксіз болса, оның ері басқа әйелдерге қызығып, азап шегеді. Ал енді әйел көрікті де, көріксіз де болмаса, ер оны түзей алады. Бірақ үйленгенде өзінің қателескенін біліп, ер тағы азап шегеді»...— деп еді данышпан молда.
— Жүрек ауруына данышпандық дауа емес,- деді хан.
— Бір-бірімізді аялық, ата...
Хан басын көтеріп, ұлына қайғымен қарады.
— Өлтірелік оны...—деді Толайық.
Хан біраз ойлап, болар-болмас күбірлеп:
— Сен менен де, онан да өзіңді артық сүйесің,— деді.
— Сен де солайсың.
Екеуі тағы тоқтасты.
— Иә, мен де солаймын!— деді хан қасіретпен.
Хан қайғыдан бала болды.
— Қайтеміз? Өлтіреміз бе?
— Оны саған бере алмаймын, бере алмаймын!—деді хан.
— Менің де енді сәл шыдарлық шыдамым қалды. Не жүрегімді суырып ал, болмаса, оны бер маған...
Хан үндемеді
— Болмаса, оны таудан теңізге тастайық.
— Таудан теңізге тастайық!— деп ұлының дауысының жаңғырығындай ұлының сөзі айтты да қойды хан.
Осы сөздерден соң екеуі һарамға кірді. Онда еденде құлпырған кілем үстінде казак-орыс қызы ұйықтап жатыр еді. Қарт ханның көзінен жас сорғалап, күміс сақалында меруерттей ойнап тұрды. Әлхалла көзі жайнап, тістеніп, нәпсісін зорға тыйып, казак-орыс қызын оятты. Қыз оянып, көзін ашты. Сол уақытта оның үлбіреген беті алқызыл таңдай еді. Ашылған көзі шешек жарған гүлдей еді. Қыз Әлхалланы байқамай, қызыл ерін ханға тосты.
— Сүй мені, қарт қыран!
— Киін... бізбен бірге жүресің,- деді хан күбірлеп. Сол арада қыз Әлхалланы көрді. Және қыранның көзіндегі жасты да көрді.
Есті еді ол: бәрін білді.
— Барайын. Барайын,— деді ол.— Анаған да жоқ, мынаған да жоқ, солай бекіттіңдер ғой? Ер жүректі адамдар осылай бекітуге тиісті, барайын.
Үшеуі біріне бірі сөз қатпай, теңізге жөнеді. Жолдары тар соқпақ еді. Жел зуылдап, гуілдеп есіп тұрды... Қыз тым нәзік еді, тез шаршады. Бірақ қайсар еді. Шаршағанын аналарға айтқысы келмеді. Бір мезгілде Әлхалла қыздың кейін қалғанын көріп, оған:
— Қорқып келесің бе?— деді.
Қыз оған отты көзбен бір қарап, қанға боялған аяғын көрсетті. Әлхалла қолын созып:
— Кел, мен сені көтеріп алып барайын!— деді. Қыз бірақ өзінің қарт қыранының мойнынан құшақтады. Хан құстың қауырсынын көтергендей көтеріп алып жүрді. Қолында бара жатқан қыз ханның көзіне тимесін деп, ағаштың бұтақтарын қолымен қағып отырды. Ұзақ жүрді олар. Бір мезгілде теңіздің күрілі естілді. Соқпақпен мыналардың артынан келе жатқан Толайық сонда атасына айтты:
— Мені ілгері жібер, болмаса, сенің желкеңе қанжар қадағым келіп келе жатыр!
— Ілгері оз, Алла мынау ойың үшін саған не жаза қылар, не кешер — өз еркіңде. Сенің атаңмын, мен сені кешемін. Сүю дегеннің не нәрсе екенін білем мен.
Міне, үшеуінің алдында теңіз жатыр. Төменде шеті-қиыры жоқ қою қара теңіз жатыр. Жердің етегінде теңіздің толқындары күңіреніп өлең айтысады. Жардың шыңырау етегі қараңғы, суық, қорқыныш. Хан қызды сүйді:
— Қош бол!-деді.
Әлхалла да:
— Қош бол!- деп иіліп қоштасты.
Қыз толқындар күңіреніп жатқан шыңырауға қарады да, екі қолымен кеудесін қысып, кейін қарай шегініп құлап кете жаздағандай болды.
— Лақтырыңдар мені,— деді қыз.
Әлхалла оған қолын созса да, тартынып қалды. Сонда қарт хан қызды құшағына алып, кеудесіне қатты қысып сүйіп, басынан жоғары көтерді де, қия жардан төменге тастап жіберді.
Төменде сылдырап, жырласып жатқан толқындардың шуынан екеуі де қыздың суға барып түскенше ести алмады. Ешбір үн жоқ. Еш нәрсе естілген жоқ. Хан тастардың үстіне етпетінен жатып, үндемей төменге, шыңырауға, қараңғы түпсіз шыңырауға қарады. Төменде теңіз бұлттармен араласып, теңізден толқындардың күңіренген шуы жүзін жоғарыға шығып жатты. Есалаң жел ханның ақ сақалымен ойнап, елбелеңдеп өтіп жатты. Жатқан ханның жанында жүзін екі қолымен жауып, үндемей, қозғалмай Толайық тұр еді. Уақыт озды. Көкте жел айдаған бұлттар біріне бірі тіркеліп, жүзіп оза берді. Теңіздің қия жарының үстінде жер бауырлап жатқан қарт ханның ойларындай түнерген қара бұлттар еді ол.
— Кетейік, ата,—деді Толайық.
— Тұра тұр...- деп бір нәрсені тыңдап жатқан адамдай сыбырлады хан.
Тағы бірталай уақыт озды. Төменде толқындар күрілдеп, жел ағаштарды шуылдатып, қия жарға қарғып тұрды.
— Кетейікте, ата...
— Тұра тұр біраз... Толайық Әлхалла:
— Кетейік, ата!—деп бір айтпады, әлденеше рет айтты. Хан қалған өмірінің қуанышын жоғалтқан жерден қозғалмады. Бірақ дүниеде бар нәрсенің бір соңы бар ғой. Хан да тұрды. Қайратты қайсар хан тұрып, күңіреніп:
— Кетейік пе?..— деді.
Екеуі кетіп бара жатыр еді. Хан бір мезгілде тоқтай қалды.
— Ә, мен неге кетіп барамын, қайда кетіп бара жатырмын, Толайық?- деп ұлынан сұрады хан.
— Енді маған өмір не керек. Мен қартпын. Мен енді ешкім сүймейді. Сені ешкім сүймесе, дүниеде тұруың бекер ғой.
— Сенің атағың, байлығың бар ғой, ата.
— Маған сол қыздың бір сүюін бер де, менің байлығымды, атағымды — бәрін сен ал. Бұларын өлі зат, жалғыз тірі нәрсе — әйелдің махаббаты ғой. Мұндай махаббаты жоқ болса, ол адамның тірлігі де жоқ. Тіленші ол. Оның өмірі — аяныш өмір. Қош бол, ұлым! Өміріңнің түнінде де, күнінде де Алланың рақметі сенің басыңнан арылмасын...
Осы сөздерді атып, хан теңізге қарай бұрылды.
— Ата,— деді Толайық,— ата!..— Басқа ешбір сөз айтылмады. Тегінде, ажал бетіне қарап күліп тұрған адамға оның жанына, өмірге, тірлікке махаббат салғандай ешнәрсе айта алуға мүмкін емес қой.
— Жібер мені...
— Алла...
— Ол біледі...
Жардың шетіне хан жылдам басып келді де, шыңырауға құлап кетті. Ұлы ұстап қалмады. Үлгіре алмай қалды. Теңізден тағы еш нәрсе естілген жоқ. Не ханның суға барып түскен, не бір үн жоқ. Жалғыз-ақ төменде толқындар шуылдап, жел гуілдеп, өздерінің тамаша, тағы әндеріне салып жатты. Толайық Әлхалла үндемей төменге ұзақ қарап тұрып-тұрып, даусын шығарып:
— Маған да осындай ер жүрек бере гөр, ей, Алла!—деді. Сонан соң сол қараңғы түнде сарайға қайтты...
Міне, Мүсәлайма Асбап осылай өлген соң орнына Қырымда Толайық Әлхалла хан болған.



kazakh, kazak, tomiris
Ғұсыл

Араб тілінде дене дәретін алуды, яғни шомылуды ғұсыл деп айтады.
Мынандай жағдайларда ғұсыл парыз болады.
1. Ұйқыдан тұрғанда шәһуәт кеткені білінсе;
2. Шәһуәт нәпсінің қозуымен күштеп атылып шықса;
3. Жыныстық қатынастан соң;
4. Хайыз әйелдердің етеккірі келген жағдайда;
5. Нифас бала тапқаннан кейінгі жағдайда;
6. Кәпір Ислам дінін қабылдаса;
7. Мұсылман дүниеден озғанда.
Осы жағдайларда бой дәрет парыз деп есептеледі.Онсыз намаз оқу, тіләуат сәждесін орындау, тіпті Қасиетті Құран Кәрим аяттарын оқудың өзі харам.


Ғұсылдың парыздары

Ғұсылдың парызы үшеу.
1. Ауызды шаю.
2. Мұрынды шаю.
3. Денені бастан аяққа дейін тұтас жуу.
Осы айтылған парыздың бірі орындалмаса, кісі ғұсыл алған болып есептелмейді, әйелдер өрген шаштарын тарқатуы шарт емес. Бірақ шаштың түбіне су тигізуі шарт. Денедегі бір қылдың түбіне су тимей қалса, оның дәреті дәретке есептелмейді.


Ғұсылдың сүннеттері.

1. Ғұсылға ниет ету.
2. «Бисмиллаһ» деп, Алланы зікір етіп бастау.
Ескерту: Киім шешілгеннен кейін «Бисмилләһ» деп іштей айтылады.
3. Екі қолды білезікке дейін жуу.
4. Ғұсылдан бұрын дәрет алу.
5. Әуретте нәжіс болса кетіру.
6. Оң жақтан бастап құйыну.
7. Денеге, бастан аяқ суды үш рет құю.


Ғұсыл алу тәртібі

Қыстаған жағдайда алдымен іш дәрет алынады, қыстамаса соңынан алғаны артық. Кейін сүннет бойынша дәрет алынады. Бұл дәретті киімін шешпей тұрып немесе шешінгеннен кейін алса да болады.
Егер ғұсылда басып тұрған жерге су жиналатын болса, аяқты шомылып болған соң бір ақ жуады.
Дәретте қыблаға бет қарату әдепке жатса, ғұсылда мәкруһ болады. Сол себепті шешінгеннен кейін алды немесе арты қыблаға қаратылмайды.
Шешінгеннен кейін «Бисмилләһ» іштей айтылады.Осыдан кейін сүннетке сай дәрет алынған жағдайда, білезікке дейін үш рет жуылып, ғұсылдың парыздары орындалады.
Құйынғанда су алдымен басқа, одан кейін оң және сол иыққа, кейін оң және сол аяққа құйылады.
Ғұсылда су алынатын ыдысқа мұқият болу қажет, әсіресе беті ашық ыдыстағы су күнге қызса, онан дәрет алу немесе ғұсыл құйыну мәкруһ болады.
Ғұсыл үшін біздегі көпшілікке арналған моншаларға тек оранып кіру мүмкін. Себебі, әуретті бекіту мұсылмандарға парыз. Әуретті бөтен кісіге көрсету немесе біреудің әуретіне қарау харам.
Ерлердің әуреті кіндіктен тізеге дейін, әйелдердің бет, екі қол білезікке дейін, ал аяқ тобыққа дейін әурет болып есептелмейді. Қалған жердің барлығы әуретке жатады.



Ғұсылдың түрлері

Ғұсылдың парыз болу түрлері:
1. Ұйқыдан тұрғанда шәһует кеткені білінсе;
2. Шәһует нәпсінің қозуымен күштеп атылып шықса;
3. Жыныстық қатынастан соң;
4. Хайыз әйелдердің етеккірі келген жағдайда;
5. Нифас бала тапқаннан кейін;
6. Кәпір Ислам дінін қабылдаса;
7. Мұсылман жан тапсырғанда.
Ғұсылдың сүннет түрлері:
1. Хәдәсу акбар, яғни ауыр нәжістен таза болған біреу Ислам дінін қабылдағанда;
2. Ер немесе қыз бала балағатқа жеткенде.
3. Талып қалып, мас болып, жынданып есі кіргенде.
4. Тәубе ету үшін.
5. Мәйітті жуғаннан кейін.