You are viewing tomiris_555

Previous Entry | Next Entry

kazakh, kazak, tomiris
Жатыр….


Басқа жұрт аспан көкке асып жатыр
Кілтін де өнер білім ашып жатыр.
Бірі - ай, бірі - жұлдыз, бірі күн боп,
Жалтырап көктен нұрын шашып жатыр.
Таласып өнер білім алып жатыр,
Күнбе күн алға қарай барып жатыр.
От жегіп, көкте ұшып, суда жүзіп,
Тәңірінің рақметіне қанып жатыр.
Ойламай біздің қазақ текке жатыр,
Бір іске жанаса алмай, шетте жатыр.
Азырақ көз жүгіртіп қарап тұрсаң,
Қазекең таңғаларлық кепте жатыр.
Байларың мыңды айдаған шалқып жатыр,
Бар малын болыстыққа сарқып жатыр.
Барымта, ұрыс керіс, кісі өлтіріс -
Ішінде сорлы қазақ қалқып жатыр.
Кең жері күннен күнге құрып жатыр,
Сұр жылан қанын сөлін сорып жатыр.
Астана, жұрт билеген адамдарды
Тәңірі күннен күнге ұрып жатыр.
Біреулер оқып, төре болып жатыр,
Шен алып, бақыт құсы қонып жатыр.
Ұмытып өзін өзі бұл сарбаздар
Жұртына қарсы таяқ соғып жатыр.
Шәкірттер медреседе шіріп жатыр
Қайдағы ескі нұсқа көріп жатыр.
Оқыған, дін іздеген байғұс шәкірт
Жемтікші құзғын болып кіріп жатыр.
Әйелдер мал орнына жүріп жатыр,
Жас қызын малға, шалға беріп жатыр.
«Бес байтал әйел құны» деген бір сөз
Қармаққа талай жасты іліп жатыр,
Дау жанжал ел арасы толып жатыр,
Өзара тала тартыс болып жатыр.
Кешегі шешек жарған қазақ гүлі
Сарғайып, бір су тимей солып жатыр.
Мінекей, қазақ солай бітіп жатыр,
Күн сайын артқа қарай кетіп жатыр.
Сезінбай өз өлгенін, өзнікін,
Аты өшкір, оқығандар нетіп жатыр!



Шолпы

Сылдыр, сылдыр сылдыр...
Қанымды қайнатты құрғыр.
Шық шық жүрекке тиеді,
Күлпара талқан боп сынғыр.

Сылдыр, сылдыр, сылдыр...
Өзекті өртеді құрғыр.
Әдейі іргеден жүреді,
Сұлу қыз санадан солғыр.

Сылдыр, сылдыр, сылдыр...
Жүректі жандырды құрғыр.
Кеудені кернеді жалын,
Сәулем, періштем, тез кір!

Сылдыр, сылдыр, сылдыр...
Есімнен аударды құрғыр.
Лебізіңнен еріп барамын,
Жаным-ай, жақында, қол бер!

Сылдыр, сылдыр, сылдыр...
Талдым, қалды сүлдер.
Сыбырға айналды сылдыр,
Сылдыр, сылдыр, сылдыр...




Толқын



Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады,
Толқынмен толқын жарысад.

Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен
Жарысып жарға барысад.

Толқын мен толқын сырласып,
Сырларын еппен ұрласып,
Толқынға толқын еркелеп,

Меруерт көбікке оранып,
Жыландай жүзге бұралып,
Жарға жетер ентелеп.

Ерке бала былдырлап,
Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Толқынды толқын қуады.

Күміс кәусар суымен,
Суының алтын буымен,
Жарының бетін жуады.

Мөлдіретіп көз жасын,
Жасымен жуып жартасын,
Сүйіп сылқ сылқ күледі.

Жылағаны күлгені,
Күлгені оның өлгені,
Жылай, күле өледі.

Сылдыр, сылдыр, сылдырлап,
Бірінің сырын бірі ұрлап,
Толқынды толқын қуады.

Жарына бал береді,
Береді де өледі,
Өледі толқын, тынады.

Comments

( 1 comment — Leave a comment )
nukagif
Feb. 17th, 2013 08:17 am (UTC)
locals looking to meet Go Here dld.bz/chwZN
( 1 comment — Leave a comment )

Latest Month

May 2007
S M T W T F S
  12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031  

Page Summary

Powered by LiveJournal.com