You are viewing tomiris_555

Previous Entry | Next Entry

kazakh, kazak, tomiris
отау құру дәстүрі /жалғасы..../

1. Кимешек кигізу

Кимешек кигізу (салт). Жас келін түскен жерінде бір жылға дейін желек жамылып жүреді. Ойын тойға барғанда сәукелесін де киіп барады. (Қазақ әулетінде сәукелені ұзатар кезінде ғана киеді). Келін болып түскеннен соң шешіп алып қояды. Жас келін перзентті болған соң ауыл әйеледері, бәбішелер әдейі жиналып келіп, келінге кимешек кигізеді. Бұл келіннің ана болған кезі. Қазақстанның солтүстік жағында мұны «жаулық салды» деп те атайды. Кимешек те, жаулық та ана болған әйелдің белгісі екендігін көрсетеді. Жас адам болғандықтан бұл бас киімдер әшекейленіп, шашақталып, кестеленіп тігіледі.

2. Құрсақ шашу

Құрсақ шашу (дәстүр).
Құтты болсын деді де,
Құрсақ шашу жеді де,
Қайтадан халқы тараған. (Алпамыс)

Жас келіннің екіқабат болғаны белгілі болса, оның абысын ажындары, енелері әйелдерді шақырып, құрсақ тойын (кей жерде «құрсақ шашу» дейді) жасап, оның аман сау қол аяғын бауырына алуына (яғни босануына) тілек білдіріп шашу шашып, дастарханды түрлі дәмге толтырып, сауық жасайды. Ғұрып бойынша бойына бала біткен келіншекті «күмәнді», «аяғы ауыр», «ішінде көжесі бар» деп тұспалдап айтады. Бұл сөздің мәнісі жас келін қысылып ұялмасын, тіл көздің сұғынан сақтасын деген ойдан шыққан.
Жас келін бала біткен соң бойына ас сіңбей құса береді. Әлдеқандай тағамға көңілі шабады. Мұны жерік болды дейді.

Бәйбіше келді алаңдап,
Жас бөріше жалаңдап,
Жерігі қанбаай сандалды.

Мұндайда әйелдер жерік ананың көңілі қалаған асын табуға тырысады. Жерігі қанбаған әйел басы айналып, ауыра береді. Қалаған асы табылып, жерігі қанған әйелдің құмары тарқап, ерекше сезімге бөленіп, денсаулығы жақсара бастайды. «Жерік асын жегендей қуанды» деген сөз осындайдан шыққан. Жеріктікті басудың тек анаға ғана емес, іштегі сәбидің де денсаулығына зор әсері бар. Мысалы жерігі қанбаған ананың балалары әлжуаз, аурушаң, кейде кемтар тууы да мүмкін. Сәбидің аузынан суы шұбырып жүруі де осындайдан болады дейді халық даналығы.
Халық екіқабат ананы да тәрбиелеу жолын әсте ұмытпаған. Оны мәпелеп, аялай білген, ренжітпеген. Бұл жөнінде жазушы Зейнеп Ахметова былай деп жазған: «Қарағым биік тауға қара көңілің өседі, көңілің өссе немерем кең пейілді болады, жайқалған шөпке, жайқалған гүлге қара сәбиің шырайлы болады, бұлақтың көзін аш, балаң қайырымды болады» деген секілді ұлағаты тәлімін беріп, аналарымыз жас келіншектің таным талғамын ұштап, баулыған». Міне, бұл ұлттық ұғымның ұлағаты.
Дәстүр бойынша жас келін босанғаннан кейін оның анасы әдейі келіп, қуанышқа ортақтасады. Бұл ананың басты парыздарының бірі.


3. Құттық

Құттық (дәстүр). Келін түсірген үй құда құдағиларын аттандырған соң ауылдың оң жақта отырған бойжеткендері келіп «құтты болсын» айтып арнайы дәм әкеліп, сый жасайды. Сосын қыздарға лайық тағым, кесе аяқ, көрпе жастық,сақина, сырға сияқты әшекейлі заттар сұрайды. Бұл дәстүр ел ішінде «құттық» деп аталады. Ол «құтты болсын», «құт әкелсін» деген ізгі ойдан туған қазақи ырым, жоралғы.
«Құттық» алатындар әдейі алыстан да келеді. Оларға мал, бағалы бұйымдар мен киімдер беріледі. Әрине, бұл дәулетті мырза адамдардың ғана қолынан келетін іс. Сонымен бірге бұл қазақтың салт дәстүрге бай жомарттық, мырзалық қасиеттерінің тағы бір айқын дәлелі екенін көрсетеді.

4. Неке қияр

Неке қияр (ғұрып). «Ауылнаймын, немесе қағазсыз неке қимаймын, жаназа оқытпаймын, деп Көдебай бір дікілдейді» (Б.Майлин). Неке қасиетті ұғым, беріктік шарты. Қазақ халқы мұны «ақ неке» деп ардақтайды. «Ақ некелі жарым» деп мақтанады. Бас қосқан ер мен әйелдің міндетті түрде некесі қиылады. Ол көпшілік алдында жасалады. Қосылған бірақ некесі қиылмаған адамдарды халық «некесіз» деп сөккен және оларға салқын қараған. Олардың балалары да «некесіз туған» деген жаман атқа қалған. Ауыз әдебиетінде неке қир кезінде айтылатын куәлік сөз бар. «Неке қияр сөз» деп неке қияр кезде екі арада жүретін екі куәнің күйеу мен қыздың ырзалығын сұраған уақытта айтатын сөздерін айтамыз. Бұл әнмен айтылмайды. Бірақ өлеңше ұйқасқан, дәйім бір қалыпты айтылады. Мысалы:
Куә, куә куәдірміз,
Куәлікке жүрәдірміз.
Мұнда халық қасында,
Таңда хақ қасында
Екі кісі хақ куәлік бередүрміз.

Пәленшеден жаралған (әкесін айтады), пәленшеден туған (шешесін айтады), пәленше қызды (қызды айтады), халал жұптылыққа қабыл көріп алдыңыз ба?
Қызға айтқанда да бәрін осы қалыпта айтып, аяғында «пәленше халал жұпты болдыңыз ба?» дейді (А.Байтұрсынов).
Осы сөздерде келтірілгендей жігіт те, қыз да жұпты болғандығын өз аузымен мақұлдайды. Содан кейін екеуі неке суын ішеді. Бұдан кейін олардың некесі қиылып, ерлі зайыпты адамдар болып саналады. Үлкендер жақсы тілек тілеп, қол жайып бата береді.
Шариғат бойынша қалыңдық екіқабат болса неке қиылмайды, ол босанғаннан кейін қиылады. Жеті атаға толмаған қыз, жігіт некеге отырғызылмайды.
Неке туралы ислам дінінің өз заңы бар. Кейде өзбек, қазақ, қырғыз, татар, башқұрт сияқты түркі халықтары қыз алысып, қыз берісіп жатады. Бәрі де ислам қауымынан болғандықтан мұндай некеге рұқсат етілген. Егер қазақ жігіт орыс қызын алатын болса, ол әйел мұсылман дініне кіріп, тілін, салт дәстүрін толық мойындайтындығы туралы уәде беріп, оны орындауы керек. Некеге сонда ғана рұқсат берілген. Мысалы, орыс қызы Мария Рыкина қазақ жігіт Дүйсенге шығып, олардың сүйіспеншілігінен «Дудар ай» деген ғажайып ән туды. Олардың есімі бүкіл қазақ еліне аңыз боп тарады. Ақын Х.Бекхожин бұлар туралы дастан жазды. Қазақ орыс арасындағы мұндай неке бұрын да, қазір де бар.


5. Бие қысырамас

Бие қысырамас (ырым). Жаңа түскен келіннің беті ашылғаннан кейін енесі келіп, келіннің бетінен тағы сүйіп, жақсы тілек тілеп, сол жерде отырған әйелдердің ортасына «биелерің қысыр қалмасын» деп ақ мата тастайды. Бұл «бие қысырамас» деген кәде. Әйелдер бұл матаны жыртып, бөліп алып үйлеріндегі сабаның аузына «бием қысыр қалмасын, бісмілла» деп байлайды. Бұл кәде бәріне де жетуі керек. Жетпей қалғандардың өкпелеуге хақы жоқ. Соңғы жылдары халқымыздың мал шаруашылығынан қол үзе бастауына сәйкес бұл ырым ұмытылып бара жатыр.



Отбасы - тұрмыс дәстүрлері


1. Абысын асы

Абысын асы (салт). «Абысын тату болса ас көп» (мақал). Бұрын бір ауылдың әйелдері яғни абысындар күнделікті өмір күйбеңімен ертелі-кеш үй шаруасында жүреді. Олар ата-ене, күйеуінің рұқсатынсыз ешқайда шыға алмайды. Кейде ауыл адамдары айтқа, тойға, қазаға үлкен-кішісі аттанып кетеді де ауылда тағы да сол әйелдер қалады. Абысындардың еркіндеп қалатын кезі міне осы сәт. Олар мұндайда өздері бір үйге бас қосып жылы-жұмсағын қазанға салып, шәй қойып өздері бір кеш сауық жасайды, өлең айтады, бой көтереді, сырласады. Дастарханды кең жайып дәм татады. Міне, осы бас қосу, осындағы дәм «абысын асы» деп аталады. Бұл да қазақ әйелдерінің ырысты ынтымағының көрінісі болатын.

2. Айрылысар көже

Айрылысар көже (салт). Көрші қонғанда «ерулік» беріп, қыстай немесе жаздай бірге отырған, сйласқан отбасылар қоныс аударып бөлінген жағдайда олар енді «айрылысар көжеге» шақырады. «Көже» деп сыпайылап атағаны болмаса сыйлы, сыбағалы табақ тартылады. Олар бір-біріне ризашылығын білдіріп, «ұрыспай айрылған ұялмай қосылар» деп тағы да аман-сау қосылуға тілек білдіреді. Бұдан олардың бірін-бірі сыйлау, қимастық көңілдері көрінеді. «Айрылысар көже» - адалдық әрі әдемі дәстүр.

3. Айтыс

Айтыс (дәстүр, өнер). «Жүлде алдым талай-талай айтыста да» (Н.Ахметбеков). Айтыс - әдебиет жанры болғанымен ертеден қалыптасқан халықтық дәстүрдің үлкен түрі. Ойын, той, ас, қыз ұзату, келін түсіру сияқты қазақ тойлары жүйрік ат, білекті палуандармен бірге айтыс ақындары да қатысып, олар айтыс арқылы той қызығы мен мәртебесін көтере түскен. Әрине мұндай жерде айтыстардың өз мақсаты, талабы, шарты бар. Айтыстың түрлері де көп. Айтыс – ақынның талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы. Өткен ғасырда Жанақ, Сабырбай, Шөже, Сүйінбай сияқты ғажайып айтыс ақындары болған. Бұл үлкен дәстүрді қазір Әсия, Әселхан, Қонысбай, Баянғали, Әлфия, Абаш, Мұхамеджан сияқты айтыс ақындары жалғастырып келе жатыр.


4. Айып

Айып (заң жолы, салт). «Айыбына атын алып қалып жаяу қайтарыңдар!» (Ғ.Мүсірепов). Барымта, қылмыс, ұрлық, дәстүрді бұзғаны т.б. жағымсыз іс-әрекеті үшін қылмыскерлерге берілетін жаза – айып. Мысалы: көп алдында орынсыз дау-жанжал шығарған адамдарға айып салынады. Жазаланушы адам оны сол сәтте орындауға тиіс. Айыптың түрлері көп. Жеңіл кінәлары үшін тон немесе ат төленеді. Ауыр қылмыстар жасағандар тоғыз төлейді. Бұл түйе бастаған тоғыз мал немесе ат бастаған тоғыз мал немесе өгіз бастаған тоғыз мал деген сөз (Түйе бастаған тоғыз: 3 бас түйе, 3 бас жылқы, 3 бас сиырдан тұрады. Ат бастаған тоғыз 3 жылқы, 3 сиыр, 3 қой, т.с. Қылмыс (ұрлық) өте ауыр болса, бұл айып үш еселенуі мүмкін. Әрине, бұдан басқа да түрлері бар. Айыптың әлеуметтік, тәрбиелік, хұқықтық маңызы зор.


5. Ақ алып шығу

Ақ алып шығу (салт, ырым). Қазақ халқы сүтті, қымызды, шұбатты, айранды тағы басқа сүт тағамдарын «ақ» деп атайды да оны қасиетті, киелі зат санатына жатқызады. Сол сияқты ақ түсі де киелі, адалдық ұғымды білдіреді. Халық дәстүрінде ауылға келген көш алдынан шығу – адамгершілік, мұсылмандық, болашақ көршілік парыз. Ақ алып шығу «осы ақтай таза, дәмді болайық» деген тілекті білдіреді. Мұндай жағдайда жаңа көшіп келгендер ризалық, білдіріп алғыс айтады. Бір тоқтысын сойып көршілерін қонаққа шақырады. Ал бұрынғы көршілер бұдан бұрын «ерулікке» шақырып үлгіреді.
Көші көшіп келіп жатқанда оның алдынан шықпау, ерулік бермеу қазақы салтты бұзғандық, көргенсіздік болады. Мұндай ұят, ерсі істі жұрт айта жүреді.

Latest Month

May 2007
S M T W T F S
  12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031  
Powered by LiveJournal.com